“Баспа ісі: оқырман сұранысы, автор құқығы” тақырыбында дөңгелек үстел
“AMANAT” партиясының “КІТАП – AMANAT” жобасы аясында Ұлттық басылым күніне орай бүгін Ұлытау облыстық партия филиалының ұйымдастыруымен “KiatpAl” дүкенінде “Баспа ісі: оқырман сұранысы, автор құқығы” тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстелге партияның Ұлытау облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ерлан Мырзабеков, “Ұлар” әдеби клубының төрағасы, ақын Абай Ораз, кітапхана қызметкерлері, ақындар қатысты. Кітап оқитын қоғам, кітап оқитын орта қалыптастыру оңай емес. Технология дамыған заманда баланы кітапқа қызықтыру үшін де зор еңбек қажет. “AMANAT” партиясының “Кітап AMANAT” жобасының мақсаты — отандық әдебиетке деген қызығушылықты арттыруға, жұртшылықты оқуға ынталандыруға, авторларды қолдауға бағытталған.
Еркін форматта өткен отырыста қатысушылар тақырыпқа қатысты ойларын айтты. Ең маңызды мәселе — Ұлытау облысында баспахананың жоқтығы. Көршілес облыстардың баспаханасында газет-кітабымызды басып шығару қаржы мен уақытқа келіп тірелетіні анық. Кітапхана қызметкерлері де өз ұсыныстары мен бар мәселелерін айтты. Кітапханаға қажетті құрылғыларды алу оңай еместігін, көп қаржы қажеттігін алға тартты. Ерлан Батырбекұлы көтерілген сұрақтың барлығы жауаптыларға жететінін айтып, назарда болады деді.
Жалпы, облысымыз ақын-жазушы, кітап сүйер қауымнан кенде емес. Жиі-жиі ақындар бас қосып, оқырмандарымен жолығып тұрады. Кітапханалар қоры мол, соңғы шыққан кітаптың барлығы дерлік бар.
Кітап оқитын адамның — ақыл-парасаты, танымы, білімі, тіл байлығы, адаммен қарым-қатынасы, сыпайылығы, мәдениеті бір бөлек екені сөзсіз. Балаға кітап оқуды үйрету Сіз бен бізден басталады. Әр мектеп, әр отбасы кітап оқып, жақсы істі қолға алып Қазақстанды кітап оқитын елге айналдырайық.