Абай Құнанбайұлының туғанына 181 жыл

Жезқазған қаласының орталықтандырылған кітапханасының ұйымдастыруымен ұлы ақын, ойшыл, философ Абай Құнанбайұлының туғанына 181 жыл толуына орай Абай ескерткіші алаңында қала оқырмандарына арналған «Әлемдік деңгейдегі кемеңгер» атты мазмұнды көрме ұйымдастырылды. Көрме барысында ұлы ақынның кітаптары, шығармашылығы кезең-кезеңімен таныстырылып, кітап макеттері көпшілік назарына ұсынылды. Сонымен қатар «Абай» сөзінен көрме инсталляциясы жасалып, ұлы Абайдың өмірі мен отбасы туралы фотосуреттерден құралған көрме-галерея ұйымдастырылды. Көрмеде Абайдың Жидебайдағы қыстауының, ақын білім алған Ахмед Риза медресесінің және Абай мінген күймелі пәуескенің макеттері жасалып, келушілер назарына ұсынылды. Сондай-ақ Абай отырған қыстаудағы киіз үйдің іші сол кезеңге сай жабдықталып, онда бала Абай мен әжесі Зере бейнесі бейнеленді.
Көрме барысында келушілер ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығына қатысты мол мағлұмат алып, ұсынылған кітаптар, фотосуреттер, көрме-инсталляциялары мен тарихи нысандардың макеттерін қызығушылықпен тамашалады. Әсіресе, Абайдың балалық шағын бейнелейтін киіз үй ішінің көрінісі көрермендердің ерекше қызығушылығын тудырды.