«Жошы хан», «Ұлытау кереметтері» атты кітаптарының тұсау кесері 

10 сәуір күні Халықтар Достығы мен мәдениет үйінің фойесінде Жезқазған қаласының 70 жылдық мерейтойы, Жошы ұлысының құрылғанына 800 жыл толу тарихи оқиғасы аясында Жезқазған қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі және Жезқазған қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің, Халықтар Достығы мен мәдениет үйінің қызметкерлерімен бірлесіп ұйымдастыруымен өлке тарихына қатысты дүниелердің басын құраған, ғылыми-танымдық мақалалар мен деректердің жинағы саналатын Ұлытау» сериясымен жарық көрген «Жошы хан», «Ұлытау кереметтері» атты кітаптарының тұсау кесері өтті. Екі кітап та «Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігі ұсынысымен қолға алынып, «Ұлытау» сериясымен жарыққа шықты. Тұсаукесердің алғашқы құттықтау сөзі Жезқазған қаласының әкімі Шайжанов Қайрат Абдоллаұлына, Қазақстанның Құрметті металлургі, «Ұлытау» сериясының егесі саналатын «Қазақтың Кетбұқасы» ҚБ-нің төрағасы, жинаққа енген «Ұлытау-Жезқазған өңірінде табылған әлемдегі сирек металл» мақаласының авторы Бүкіров Төлеген Нұрмағанбетұлына, одан әрі Қазақстанның Құрметті журналисі, «Құрмет» орденді жазушы Мырзабеков Батырбек Тыныштықбайұлы,тарихшы, өлкетанушы Мұхтар Бақытұлы, тарихшы-археолог, ғылым магистрі Әуезов Қабдолға сөз кезегі берілді. «Қазақтың Кетбұқасы» ҚБ-нің төрағасы, Қазақстанның Құрметті азаматы, «Құрмет» орденді ардагер металлург Бүкіров Төлеген Нұрмағанбетұлы және Жезқазған қаласының әкімі Шайжанов Қайрат Абдоллаұлы кітаптың лента қию рәсімін жасады. «Ұлар» әдеби клубының жетекшісі Абай Ораз «Күй толғау» өлеңін оқыды. «Қазақтың Кетбұқасы» ҚБ-нің ұсынысымен, Жезқазған қаласы әкімдігінің қолдауымен, қалалық мәдениет бөлімінің тапсырысымен жарық көрген «Жошы хан» және «Ұлытау кереметтері» кітаптарының тұсауы кесіліп, өлке тарихы жанашырларына, облыс, қала кітапханалары мен мектеп, колледж, университет кітапханаларына жол тартты. Кеш соңы Т.Қалмағанбетов атындағы Жезқазған филармониясының әншісі Гүлдәурен Жидебаеваның орындауындағы Н.Тілендиевтің әні «Өз елім» әнімен аяқталды.