«Мен оқыған бір кітап» атты кітап талдауы

Балалар мен жасөспірімдер кітапханасы 23 сәуір – Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күніне орай «Мен оқыған бір кітап» атты кітап талдауын өткізді. Іс шара қаламызда ашылған «Kitap al» кітап дүкенінің коворкинг залында өтті.
Кітап талдау қазақ жазушысы, драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Дулат Исабековтің «Гауһартас» повесі бойынша өткізілді. Негізгі мақсат – Дулат Исабековтің танымал «Гауһартас» шығармасының мазмұнымен танысу, мәтіндегі негізгі ойды, идеяны анықтау, оқырмандардың пікірлерін еркін айтуға, өз көзқарастарын дәлелдей білуге үйрену.
Бұл іс-шараға Байқоңыров атындағы Жезқазған университеті педагогика-психология және филология кафедрасының оқытушысы, ақын Ермаханова Мақпал Шалғымбайқызы және 2 курс студенттері қатысты.
Кітап талдау Дулат Исабековтың өмірі мен Гауһартастың жазылу тарихы туралы таныстыратын видеодан басталды. Қатысушылардың белсенділігін арттыру мақсатында шығарма бойынша сұрақтар қойылды. Студенттер шығарма бойынша өз ойларымен бөлісіп, пікірлерін білдіріді. Сонымен бірге, «Гауһартас» спектаклінен үзінділер көрсетілді.
Іс-шара соңында көрсеткен белсенділігі үшін Балалар мен жасөспірімдер кітапханасы атынан Мақпал Шалғымбайқызына арнайы алғыс хат және кітап табысталды. Кітап талқылауда өз ойларын көркем жеткізе білген студентке кітап сыйға берілді.
Оқырмандарымыздың кітап оқуға деген ұмтылысы арта берсін!
Іс-шараның өтуіне ат салысып, белсенділік танытқан барша қатысушыларға алғыс білдіреміз!