Жырларым, жылдарменен жалғасыңдар
Ақиық ақын, қазақ поэзиясының мұзбалағы Мұқағали Мақатаевтың туғанына 95 жыл толуына орай Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі мен Халықтар достығы мен мәдениет үйі ұйымдастырған «Жырларым, жылдарменен жалғасыңдар» атты сазды-поэзиялық кеш Жезқазған гуманитарлық колледжінің оқытушылары мен студенттерінің қатысуымен өткізілді.
Сазды-поэзиялық кеш «Аққулар ұйықтағанда» поэмасы көрініспен ашылды.
Ақынның аз ғұмырында артына қалдырған жалынды жырлары оқырмандарды тәнті етті. Оның «Аққулар ұйықтағанда», «Райымбек», «Моцарт» сынды поэма-дастандары бар. Соның ішінде «Аққулар ұйықтағанда» поэмасы оқыған жанның жүрегін тербетіп, ерекше күйге бөлейді. Ақын бұл поэмасында аққулардың сұлу да пәк, киелі құс екенін айқын суреттеп, егер қоныстанған жерінен жәбір көрсе, қайта оралмайтынын басты назарда ұстап, шебер жырлай білген.
Ақын шығармаларының үлкен бір саласы – оның поэмалары. Соның ішіндегі ең асылы, ең биігі – «Аққулар ұйықтағанда».
Кеш барысында ақынның өмір жолы мен шығармашылығы жайлы слайд көрсетілді. Халықтар достығы және мәдениет үйінің әншілері Бижігітов Жақсыбек «Қайран жеңгем», Ерғазы Қайырхан мен Несіпбаева Перизат «Жас қайың», «Есіңе мені алғайсың», «Сарыжайлау» әндерін орындады.
Алтын қордан ақынның өз дауысымен оқыған бірқатар өлеңдері экраннан тыңдалды. «Менің анкетам» шығармасы рөлмен орындалды. Мұқағали рөлінде С. Қожамқұлов атындағы Ұлытау облыстық драма театрының әртісі Мырзахмет ойнаса, Мұқағалиға сұрақ қоюшы рөлін Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің әдіскері Рабиға сомдады.
Ақынның ерекше, дарынды әрі қарапайымдылыққа толы өлең жолдары мәңгілік көштің сырлы әуенімен астасып, жадымызда жаңғырды. «Жас толқын» поэзия клубының мүшелері ақын өлеңдерін оқыды.
Мұқағалидың «Есіңе мені алғайсың» өлеңі – табиғаттың төрт мезгілі мен адам өмірін астастыра суреттеген ғажап лирикалық туынды.
Сазды-поэзиялық кеш «Есіңе мені алғайсың» әнімен қорытындыланды.
Мұқағали – мәңгілік өмір! Ақын мұрасы, маржан поэзиясы – болашақ ұрпақтың еншісіндегі қастерлі қазына. Ақын көкірегінен буырқана аққан жыр жанартаулары өлең сүйер халыққа таусылмас рухани байлық болып қала бермек. Ақынның сөзі өлмесе, өзі де өлмегені.
