23 сәуір – Ұлттық кітап және кітапханашылар күні

23 сәуір – Ұлттық кітап және кітапханашылар күніне орай Жезқазған қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде «Кітап – алтын қазына» атты көрме-шеру ұйымдастырылды. Іс-шараға Қазақстан Жазушылар одағының Жезқазған қалалық филиалының төрағасы Мырзабеков Батырбек Тыныштықбайұлы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Журналистер одағының мүшесі Түсіпов Ізтөлеу Бекенұлы, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты Үмбетова Базаркүл Сейітжанқызы, ардагер кітапханашылар мен Жезқазған қаласының гуманитарлық колледжінің I курс студенттері қатысты.
​Шара барысында кітаптың қоғамдағы маңызы насихатталып, «Кітап кейіпкерлері сөйлейді» дефилесі, «Әдеби әлемге саяхат» көрмесі, үздік оқырмандарды марапаттау бөлімдері ұйымдастырылды. Іс-шараны Тайжан Қалмағанбетов атындағы филармония әншісі Несіпбаева Перизат «Сарыарқа» әнімен ашып берді. «Әдеби әлемге саяхат» кітап көрмесінде кітапханаларды дамыту ісі және әдістемелік жұмыс бөлімі «Әдістемелік көмек – сапалы қызмет кепілі», кітап қорын толықтыру және өңдеу бөлімі «Кітаппен келген көктем», ақпараттық-библиографиялық бөлімі «Кітапхана әлемінің шырақшысы», кітап қорын ұйымдастыру және пайдалану бөлімі «Уақытпен сырласқан сирек кітаптар», ақпаратты автоматтандыру бөлімі «Цифрлық дәуір мен кітапхана – білімнің жүрегі» тақырыптарында көрмелер ұйымдастырды. Сонымен қатар кітапханаға қарасты филиалдар мен ауылдық кітапхана-филиалдары «Сиқырлы өнер әлемі», «Өркен», «Алтын оймақ» үйірмелерінде жасалған қолөнер бұйымдарын ұсынды.
Іс-шара аясында кітап оқуды насихаттауға үлес қосқан белсенді оқырмандар мен кітап жанашырлары арнайы номинациялар бойынша марапатталды. Атап айтқанда, Жезқазған қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің «Кітапхана жанашыры» номинациясымен Жезқазған гуманитарлық колледжінің басшысы Исахова Айгүл Сапарханқызы, Жоғары политехникалық колледжінің басшысы Аман Бота Мәлікаждарқызы, Медициналық колледжінің басшысы Ранова Ләззат Нәбиқызы марапатталды.
«Аманат» партиясының Ұлытау облыстық филиалы атынан «Үздік оқырман отбасы» номинациясымен Дайров Жақыпбек пен Жұрқыбаева Жүмкен Байзаққызы, «Тұрақты оқырман» номинациясымен Төрежанов Бақытбек Сейтқазыұлы, «Ауылдың үздік оқырманы» номинациясымен Елемесов Айтуған марапатталды. Жезқазған қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің басшысы Махмутова Анар Жамантайқызының атынан «Үздік оқырман» номинациясымен Наурызбаева Тоғжан Нүриденқызы, «Кітап сүйер ұстаз» номинациясымен Омарова Камшат Сапарбекқызы, «Ең толық формуляр иесі» номинациясымен Стамқұлов Мұханбетқали Әлирахманұлы, «Белсенді оқырман» номинациясымен Садуақасова Әсемгүл марапатталды. Сонымен қатар «Кітапқа құмар жас жүрек» номинациясымен Берік Аружан, «Жас оқырман» номинациясымен Жүнісбек Әділет марапатталды.
«Жас толқын» поэзия клубының мүшелері жүрек тебірентер жырларын оқып, С. Қожамқұлов атындағы музыкалық-драма театрының әншісі Мәди домбырамен күмбірлете ән шырқап кештің көркін аша түсті.
Іс-шараның ең әсерлі бөлімдерінің бірі – «Кітап кейіпкерлері сөйлейді» атты дефиле болды. Бұл бөлімде қатысушылар қазақ және әлем әдебиетінің танымал кейіпкерлері мен тарихи тұлғаларының образында сахнаға шығып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Атап айтқанда, сахна төрінде Абай Құнанбайұлы, Дина Нұрпейісова, Әлия Молдағұлова, Қыз Жібек, Алдар Көсе сынды ұлттық бейнелермен қатар Гарри Поттер, Күлше қыз, Малефисента секілді әлемдік әдеби кейіпкерлер де көрініс тапты. Дефилені «Кітап ханшайымы» образы қорытындылады.
Іс-шара «Кітапханашылар» әнімен қорытындыланып, қатысушыларға ерекше рухани әсер сыйлады.