Әке – шаңырақтың шамшырағы

Жезқазған қалалық орталықтандырылған кітапханасында әкелер күніне орай «Әке – шаңырақтың шамшырағы» атты тәрбие сағаты өтті.

Тағылымды шараға ардақты әкелер мен аталар, көпбалалы әкелер және кітапхана оқырмандары қатысып, отбасы құндылықтары, әкенің бала тәрбиесіндегі орны мен жауапкершілігі туралы өз ойларымен бөлісті.

Кездесуге арнайы шақырылған қонақтар – Ибраев Ерғали Ендаманұлы, Елеусізов Қуандық Әбейұлы, Искендиров Серик Талғатұлы және Алкеев Жанбол Абдуллаұлы өз өмірлік тәжірибелері мен өнегелі кеңестерін ортаға салды. Іс-шара барысында қатысушы әкелердің қатысуымен дайындалған слайд көрсетіліп, отбасы туралы әсерлі әңгімелер айтылды.

Тәрбие сағаты әсерлі көрініспен жалғасып, көрермендерге ерекше көңіл күй сыйлады. Шара соңында шақырылған қонақтар Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Гүлзада Кәрібекқызының Алғыс хатымен марапатталып, Жезқазған қалалық энциклопедиясы табысталды.

Кеш кітапханамыздың оқырманы Аубакирова Әйгерімнің орындауындағы «Әкем – әнім» атты әсерлі өлеңімен қорытындыланды.

Осындай мазмұнды кездесулер арқылы отбасы құндылықтарын дәріптеп, әке мәртебесін арттыруға өз үлесімізді қосамыз.